Жаңалықтар

13 шілде 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді.

Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Мемлекеттік хатшы М.Құл-Мұхаммед, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев

Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Мемлекеттік хатшы М.Құл-Мұхаммед, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаев, Экономикалық даму және сауда министрі Б.Сағынтаев, Қаржы министрі Б.Жәмішев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова, Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, Мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбай, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының жетекшісі Қ.Ақсақалов қатысты.

Кеңесті ашқан Мемлекет басшысы әлемдік экономикада және сыртқы нарықта белгісіздік орын алып отырғанына қарамастан,  Қазақстан экономикасын дамытудың ілгерілей өсімі қамтамасыз етілгенін атап өтті. Елдің ішкі жалпы өнімі 5,6 процентті құрайды. Халықтың нақты табысы 13 процентке жуық артты. Жалақы 12 процентке жуық өсті. Бұл жағдайда қаңтар-шілде айларындағы инфляция деңгейі 2,7 процент болды.

– Біз менің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаламда берген тапсырмаларымды жүзеге асыру мәселесін талқылауымыз керек.  Барлық жетістіктеріміз халықтың, қарапайым адамдардың өмір-тұрмысын жақсартуға бағытталуы қажет. Біз барлық қажетті бағдарламаларды әзірледік, оларды іске асыру үшін жеткілікті көлемде қаражат бөлінген. Олар жергілікті орындарда нақты орындалуға тиіс. Мұның бәрі біздің қоғамда еңбек қоғамын құруға және қалыптастыруға орайластырылғаны жөн. Кім еңбектенсе, сол табысқа жетіп, өсіп-өркендейді. Мақалада берілген 20 тапсырма біздің еліміздегі  әлеуметтік жаңғырту процесін тереңдете түсуге арналған. Біз бүгін осы тапсырмаларды орындау жолдарын айқындау үшін жиналып отырмыз, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңестегі сөзінде Премьер-Министр К.Мәсімов мақалада нақты істерді қамтуға тиіс  аса маңызды 20 міндет қойылғанын атап өтті.

– Сіздің Жолдауыңызға сәйкес, әлеуметтік жаңғырту жөніндегі негізгі бағдарламалар қабылданып қойды. Енді мақалада айтылған тұжырымдарға күш салу үшін,  оларды жаңа талаптарға сай  нақты мазмұнмен толықтыру өте маңызды. Жоспарға сәйкес, тапсырманы орындау негізгі 5 бағыт бойынша үйлестірілетін болады.

Біріншісі, әлеуметтік заң шығаруды жаңарту. Екіншісі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді моделін қалыптастыру. Үшіншісі, қазақстандықтардың өмір-тұрмысы сапасын арттырып, бұған еңбекке қатыстылықты тиянақ ету. Төртіншісі, әлеуметтік жаңғыртудың ақпараттық-мәдени бөлігін дамыту. Бесіншісі, әлеуметтік процестерді мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру. Барлық тұжырымдар егжей-тегжейлі зерттеледі, тиісті шешім қабылданып, Сіздің қарауыңызға ұсынылады. Мақұлдағаннан кейін, біз нақты іске асыру мәселесіне көшеміз.

Сонымен қатар, кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Экономикалық даму және сауда, Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат  министрлері сөз сөйледі.

– Елде дербес жұмысшылар, жұмыс берушілер, шаруа қожалықтары мен үй қызметкершілері болып жіктелетін, өзін-өзі еңбекпен қамтып отырған 2,7 миллион азамат бар. Жақында өзін-өзі еңбекпен қамтығандар қызметін заңдастыратын, жеңілдетілген салық салу жөніндегі заң қабылданды. Біз бұлар шамамен 700 мың адамдай болады деп отырмыз, – деді Г.Әбдіқалықова.

– 2013 жылдың 1 қаңтарынан бір реттік талондар жойылады. Ол бойынша жұмыс істеп отырған 133 мың адам жеке кәсіпкерге айналады. Бір реттік талон бойынша жұмыс істейтіндерге 3-4 адам көмектеседі. Бұлар енді жеке кәсіпкерлердің жалдамалы жұмысшыларына айналады. Осылайша, олардың мәртебесі өзгереді, – деді Б.Жәмішев.

– Мақалада қойылған міндеттердің бәрі өңірлік саясатты дамытуға бағытталған. Осыған байланысты біз Үкіметтің тиісті бағдарламасына өзгерістер енгіземіз. Сонымен қатар, мақаладағы міндеттерді жүзеге асыру жоспарының 49 тармағының 35-і – жыл соңына дейін, 10-ы – 2013 жылғы шілдеге, қалған 4-еуі 2013 жылдың соңына дейін аяқталады, –  деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.

– 20 тапсырманың үштен бір бөлігі білім беру жүйесіне қатысты. Біз кешенді тестілеуді енгіздік. Жыл сайын университеттерге 70 мың жас емтихансыз түсіп келді. Сіздің тапсырмаңызбен біз биыл алғаш рет бес кәсіби  стандарт әзірледік. Жолдауда біліктілікті айқындайтын тәуелсіз орталықтар құру тапсырылған еді. Біз мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және педагогика салалары бойынша осыған кірісіп кеттік, – деді Б.Жұмағұлов.

– Сіздің тапсырмаларыңызды жүзеге асыру үшін барлық қажетті жұмыс жүргізілуде. Халықтың қолына тез тигізуді жеңілдету үшін кітаптар сандық форматқа көшіріліп жатыр. Журналистер кодексі әзірленуде, ол үшін барлық мүдделі адамдар тартылып отыр. Ақпарат саласында еңбек адамдарына баса көңіл бөлінетін болады, – деп сендірді Д.Мыңбай.

Мемлекеттік хатшы М.Құл-Мұхаммед өз сөзінде әлеуметтік салада заңнаманы жетілдіру барлық мемлекеттік органдардың жұмысына тың серпін беретінін атап өтті.

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев әлеуметтік сауалнамалар қорытындысына сүйене отырып, Президенттің мақаласын халық үлкен ықылас-ынтамен қабылдағанын айтты.

Мемлекет басшысы  Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеологиясы дағдарыстарға төтеп беретін заманауи экономикаға негіз бола алатынын  атап өтті. Сондықтан әлеуметтік қолдау мен төлемдер мәселелері елдің экономикасының мүмкіндіктеріне сәйкес болуға тиіс, оның үстіне, әлеуметтік әділеттілік идеясы бұрмаланбауы керек.

– Қазақстанда әртүрлі әлеуметтік төлемдерді, жәрдемақы мен зейнетақыны шамамен 4,2 миллион адам алып отыр. Биылғы төлемдер сомасы  1,1 триллион теңге болды. Мұндай тиімді әлеуметтік саясат жүргізуге көп мемлекеттердің шамасы жетіп жатқан жоқ. Біздің қолымыздан келеді, сондықтан да біз Қазақстанды әлеуметтік мемлекет деп атаймыз. Бірақ әлемдік экономиканың қазіргі жағдайы көңіл көншітерлік емес. Сондықтан назарларыңызды бірқатар маңызды мәселелерге аударғым келеді.

Біріншіден, менің мақалада көрсетілген тапсырмаларымның басым бөлігі көп қаржы қажет етпейді. Бұлар – заң шығару және ұйымдастыру шаралары. Мен жетілдіруді және қабылдауды тапсырған барлық концептуалды құжаттар нақты және көрнекі болуға тиіс. Берілген мерзім оларды сапалы әзірлеуге жеткілікті. Премьер-Министрге осы құжаттардың әзірлену барысын жеке қадағалауды тапсырамын.

Екіншіден, шындығында мен Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы атты кең ұғымға сыятын жаңа идеологиялық даму жолын ұсындым. Сондықтан 20 тапсырманы іске асырып қана қою маңызды емес. Жалпыұлттық және аймақтық деңгейде кең көлемді идеологиялық және ақпараттық-саяси жұмыс жүргізу маңызды. Бұқаралық ақпарат құралдарында қазірдің өзінде ақпараттық жұмыс басталып кетті. Сонымен бірге, бұл жұмысқа Үкімет, барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, қоғамдық институттар қосылуға тиіс, – деп атап көрсетті Елбасы.

Мемлекет басшысы Үкіметке 10 күн ішінде Әлеуметтік жаңғырту жөніндегі 20 тапсырманы іске асырудың жоспарын жасап, оны орындау барысындағы Үкіметтің іс-қимылын кең көлемде ақпараттық қолдаумен қамтамасыз етуді тапсырды. Президент «Нұр Отан» ХДП аппаратына  Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттардағы «Нұр Отан» ХДП фракцияларының басшылығымен бірлесе отырып, әлеуметтік жаңғырту мәселелері бойынша көтерілген бастамаларды іске асыруға және ақпараттық жұмысқа депутаттық корпустың белсенді түрде қатысуын қамтамасыз етуді жүктеді.

Кеңесті қорытындылаған Елбасы мақалада көрсетілген мәселелермен бірге оның орындалуына жауапкершілік арта түсетінін атап өтті. Қазақстанның әрбір азаматы өзінің және жалпы халықтың игілігі мен өсіп-өркендеуі үшін еңбектің қажеттілігін түсінуі маңызды. Бұл іске барлық деңгейдегі әкімдерді, «Нұр Отан» партиясын, Үкіметті және мемлекеттік органдарды шаралар жоспарының тармақтарын орындауға нақты мерзімдер мен жауапты орындаушыларды белгілей отырып тарту қажет.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар