Жаңалықтар

7 мамыр 2012
Бүгін, Отан қорғаушы күні, Мемлекет басшысы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсырды.

Қазақстан Президенті ҚР Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі өкілдеріне атақтар табыс етті.

Мемлекет басшысы тапсыру рәсімі барысында аталған оқиға маңызды мерейтойлық дата – Қазақстан Қарулы Күштерінің 20 жылдығына орайлас өтіп отырғанын атап өтті.

«Бұдан бірнеше күн бұрын мен осы мерекеге жаңа мәртебе беруге бастамашы болдым. Бұдан былай бұл күн мемлекеттік мереке – Отан қорғаушы күні ретінде атап өтілетін болады. 1992 жылғы 7 мамыр тәуелсіз Қазақстанның даңқты жылнамасына мәңгілік енді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзіндік жүйесі құрылды. Өткен 20 жыл ішінде үлкен жұмыстар атқарылды. Сіздерді тәуелсіз Қазақстан тәрбиеледі. Осы жылдар ішінде сіздер қызмет баспалдағымен жүріп өтіп, жоғары әскери атақтар алуға қол жеткіздіңіздер. Қазақстан генералдары ел алдында ерекше жауапкершілікті сезініп, барлық сарбаздар мен еліміздің азаматтары үшін үлгілі қызмет етуге тиісті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде ҚР Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Жоламанов мемлекет тарапынан армияға ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтып өтті.

«Соның арқасында әскери қызметтің беделі артып келеді. Жаңа техникамен, заманауи қару-жарақпен қамтылды, әскери дайындық үздіксіз жүргізілуде. Осының бәрі еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», - Н. Жоламанов.

Мемлекет басшысы сөз соңында жиналғандарға денсаулық және қызметте табыс тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар