Жаңалықтар

18 мамыр 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Анталияда Түрік Республикасының Премьер-Министрі Реджеп Тайип Эрдоғанмен кездесті.

Кездесу кезінде екіжақты саяси, сауда және инвестициялық  ынтымақтастық  мәселелерімен қатар өңірлік сипаттағы мәселелер де кеңінен талқыланды. Тараптар өңірлік және халықаралық саясаттағы өзекті мәселелерде ортақ ұстанымда екендіктерін және осы өзара іс-қимылды жалғастыра беру қажеттігін атап өтті.  
Екіжақты ынтымақтастық аясында екі ел арасындағы сауда айналымының артуына үлкен маңыз беріліп, қазіргі таңда оның көлемі 600 миллион долларды құрайды. Соның ішінде, жүк ағынын арттыру және Алматы-Стамбұл, Ақтау-Баку-Тбилиси-Карс-Стамбұл темір жол магистралдарын жетілдіру төңірегінде әңгіме қозғалды. Сондай-ақ энергетикалық саладағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Реджеп Тайип Эрдоған Қазақстан тарапынан көтерілген барлық бастамалар бойынша тиісінше тапсырмалар жүктелетін айтты.

Түркия Премьер-Министрі Нұрсұлтан Назарбаевты үстіміздегі жылғы 13 шілдеге межеленген «Баку-Тбилиси-Жейхан» құбыр арнасындағы Жейхан телімінің іске қосылу салтанатына қатысуға шақырды. Қазақстан басшысы аталған жобаның оған қатысушы елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы және өңірдегі халықтардың әл-ауқатын арттырудағы маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның еліміздің Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақырылымы, Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін өткізілуі сияқты маңызды сыртқы саяси бастамаларына қолдау көрсетіп келе жатқанын Қазақстан жоғары бағалайтынын атап өтіп, Түркия басшылығын алдағы күндері өтетін саммитке қатысуға шақырды.

Тараптар екіжақты қарым-қөатынастардың серпінді дамуы үшін саяси үнқатысулар мен кездесулерді жалғастыра берудің және тұрақты түрде сапарлармен алмасып тұрудың маңыздылығын атап көрсетті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар